Атырау облысында шомылу маусымындағы өлім-жітім 17% азайды

Атырау облысында биылғы шомылу маусымы кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Нәтижесінде, суға шомылу кезінде қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға азайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Рәтбек Демеуберген мәлімдеді.

Өткен жылдың осы кезеңінде облыс аумағында 6 адам суға батып көз жұмса, биыл дәл осы мерзімде бұл көрсеткіш 5 адамды құрады. Сондай-ақ ол қайғылы оқиғалардың азаюы су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы алдын алу шараларының нәтижесі екенін атап өтті.

– Биыл шомылу маусымына дайындық ерте басталды. Облыс әкімінің тапсырмасымен жауапты құрылымдардың қатысуымен жоспарлы рейдтер ұйымдастырылып, тұрғындар арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде шомылуға рұқсат етілген жалғыз орын – Тұрғындар қалашығындағы «Малибу» жағажайы. Қалған 45 демалыс орны уақытша жабық, себебі былтырғы су тасқынынан кейін су арналары өзгеріп, жағалау инфрақұрылымдары жарамсыз күйге түсті, – деді Р.Демеуберген.

Шомылу маусымы басталғалы бері облыс көлемінде ТЖ департаментінің бөлімшелері 3600-ден астам рейд жүргізді. Сонымен қатар 83 азамат ӘҚБтК 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 1,1 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Биыл су айдындарында 6 адам құтқарылды, оның ішінде біреуі — бала. Бұдан бөлек Жайық өзенінде қайықпен қызмет көрсететіндерге де қатысты рейдтік шаралар жалғасып жатыр.

Фото freepik