Референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуде тәуелсіз бақылаушылардың рөлі ерекше. Атырау облысында дауыс беру учаскелерінде «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының өкілдері белсенді мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы» РҚБ-ның Атырау облыстық филиалының жетекшісі Даурен Сейткалиев хабарлады.
Өңір халқының саны шамамен 715 мың адамды құрайды. Оның ішінде 416 619 азамат дауыс беру құқығына ие. Облыста барлығы 276 сайлау учаскесі жұмыс істейді: оның 11-і жабық, ал 265-і ашық форматта ұйымдастырылған. Оның айтуынша, коалиция бақылаушылары дауыс беру учаскелері ашылған сәттен бастап қорытынды шығарылғанға дейін процесті бақылауда ұстайды.
Жұмысқа кіріспес бұрын бақылаушылар арнайы дайындықтан өтті. Оқу семинарлары барысында қатысушылар бақылаудың теориялық негіздерін меңгеріп қана қоймай, практикалық тапсырмаларды орындап, түрлі жағдайлар мен нақты мысалдарды талқылады.
— Қазіргі уақытта Атырау облысында «Дауыс» коалициясынан 265 тәуелсіз бақылаушы учаскелерде жұмыс істеп жатыр. Мұндай ауқымды мониторинг заң талаптарының сақталуын және дауыс беру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бақылаушылар сайлау учаскелері жабылғанға дейін және дауыстар толық саналып біткенге дейін өз міндеттерін атқарады. Қазіргі таңда дауыс беру процесі тыныш әрі қалыпты режимде, белгіленген ережелерге сәйкес өтуде. Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің негізі. Сондықтан мұндай маңызды шешімдер ашықтық, заңдылық және әділдік қағидаттары қатаң сақтала отырып қабылдануы тиіс, — деді Даурен Сейткалиев.