Атырау облысында неше көлік тіркелген?

Мұнайлы өлкеде жалпы саны 148 мың 757 көлік құралы тіркелген. Бұл туралы AtyrauPress облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

 Былтыр 1 желтоқсандағы есеп бойынша облыста жалпы 148 мың 757 көліктің тіркелгені белгілі болды. Атап айтқанда: жеңіл көлік – 114 мың 716,  жүк көлігі – 8 мың 699, мотокөлік – 1 мың 123, тіркемелер – 3 мың 645.

Сондай-ақ, заңды тұлғаларға тиесілі жеңіл көлік саны – 9 мың 939, жүк көлігі – 8 мың 950, мотокөлік – 79,  тіркемелер – 1 мың 606.

Оның ішінде бензинмен 139 мыңнан астам көлік, сұйытылған газбен 17 мыңға жуық, дизель отынымен – 19 мың 822 көлік жүреді. Ал 34 мың 381 көлік сұйытылған газбен жүреді және газ баллон құрылғылары орнатылған. Мәселен, 14 мың 394 жеңіл көлікке сұйытылған газбен жүретіні туралы куәлік берілген.

Еске салайық, биыл 1 қаңтардан бастап елімізде газ баллон жабдығы бар көліктерге арнайы белгі орнатылды. Белгі қара жиегі және "GAS" жазуы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш болып келген.

Қосыша айта кетейік, оң жақтан басқарылатын көліктерді бөлшектеп әкелуге уақытша тыйым салынды. Уақытша шектеу мерзімі 6 айға созылады.

«ҚР «Жол жүрісі туралы» Заңының 67-бабына сәйкес 2007 жылдан бастап ҚР-да оң рөлдік автомобильдерді заңдастыруға тыйым салынғанға дейін аталған көліктерді заңдастыруға мүмкіндік болған. Кейін шетелдік көліктерді тіркеуге жеңілдік туып, Атырау облысы аумағында бір реттік 200 мың теңгелік жеңілдікпен заңдастыру шеңберінде 19 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Оның ішінде 1200-ден астам автомобиль конструкторлар, яғни оң рөлді көліктер», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. 

Айта кетейік, 2023 жылы Атырау облысы аумағында оң жақ рөлді көліктердің қатысуымен 9 жол көлік оқиғасы орын алған. Тиісінше он төрт  азамат дене жарақатын алса, сегіз адам көз жұмған.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: freepik.com