Атырау облысында Мәжіліс депутаты мүмкіндігі шектеулі анаға зәулім үй сыйлады

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов атыраулық I-топ мүгедегі Айгүл Хангерейқызына жалпы аумағы 150 шаршы  метр болатын үй сыйлады, деп хабарлайды Atyraupress.

Баспананың ішіне жөндеу жасалып, тіпті қажетті жиһаздар мен тұрмыстық техникасы да алынған.

Айгүл Ханкерейқызы осыған дейін қаладағы ескі үйдің екінші қабатын жалдап тұрған. Оның арбаға таңылғанына 15 жыл болыпты. Ал үй кезегіне 2014 жылы тұрған екен. Сайлауалды үгіт-насихат кезінде Әділ Жұбановқа үй мәселесін шешіп беруін сұраған. Алайда бұл мәселенің үкіметтік деңгейде шешілуін күтпей-ақ, депутат мүгедек анаға Атырау қаласының орталығынан жер үй сатып алып берді.

Халық қалаулысы үйді медициналық мекемеге жақын жерден сатып алған. Қаланың орталығында орналасқан үй толық коммуналдық қызмет жүйесіне қосылған. Сыртта жаздық үйі тағы бар.  Суы, газы бар.