Атырау облысында көкжөтелмен ауырған 30 адам анықталды

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, биылғы 6 айда көкжөтел жұқтыру бойынша 30 жағдай тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оның 19 жағдайы облыс орталығында, үшеуі - Құрманғазы ауданында, төртеуі - Махамбет ауданында, үшеуі - Исатай ауданында және бір жағдай Индер ауданында тіркеліп отыр.

 «Олардың ішінде - 23  жағдайда көкжөтел ауруы зертханалық жолмен «Borgetella Pertussis» ДНК-сы анықталды. Серологиялық зерттеу әдісімен - 6 жағдай, бактериологиялық зерттеу әдісімен 17 жағдай дәлелденді.  Ал 7 жағдайда зертханалық тексеру қорытындысы теріс нәтиже берді», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Бұл ауруды жұқтырудың 22 дерегі көкжөтелге қарсы вакцинаны ектірмеу салдарынан болды деп отыр мамандар.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА