Мамандар облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деп бағалап отыр. Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Облыста зертханалық жолмен дәлелденген көкжөтел ауруының 46 жағдайы тіркеліп, 100 мың адамға шаққандағы ауру көрсеткіші 6,6%-ды құрады. Бұл туралы инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Айнагүл Сарсенғалиева баспасөз брифингінде мәлім етті.
Көкжөтел – жіті респираторлы, тек антропонозды немесе тек адамда тіркелетін, екпемен басқарылатын, ауа тамшы арқылы берілетін бактериалық инфекция.Инфекция қоздырғышы - «Бордетелла пертуссис» бактериясы.
- Жалпы облыстағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақсыз деуге болады. Өткен жылмен салыстырғанда аурушылық 23 есеге жоғарылап отыр. Бұған коронавирус пандемиясынан кейін көкжөтелге қарсы вакцинациялаудың төмендеуі себеп болып отыр. Күні бүгінге дейін 7 ай көлемінде облыста көкжөтелдің 46 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, Атырау қаласы бойынша – 41 жағдай, Құрманғазы ауданы бойынша – 3 жағдай және Махамбет ауданында - 2 жағдай тіркелген. Аурудың 98%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Оның 92%-ы көкжөтелге қарсы профилактикалық екпе алмаған балалар. Көкжөтел инфекциясының алдын алуға бағытталған күрестің жалғыз және тиімді шарасы – вакцинопрофилактика, - деді А.Сәрсенғалиева.
Маманның айтуынша, вакцинация Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 2, 3, 4, 18 айлық жаста, әрі қарай ревакцинациялау 6 жаста жүргізіледі. Вакцинация - тегін. Оны жергілікті мекенжай бойынша емханада алуға болады.