Шілде айының ортасынан бастап Құрманғазы ауданына қарасты Қиғаш өзенінің сағасында лотос гүлдеді, деп хабарлайды ATPress.kz.
Қазақстандықтар қызыға қарайтын лотос гүлі Құрманғазы ауданында ғана өседі. Бұл ғажайып өсімдік оны көруге арнайы барғандарды таңқалдырып келеді.
Атырау қаласынан Атырау-Астрахань автомагистралі арқылы жол азабын көріп, жүздеген шақырымды еңсеріп баруға тұрарлық. Өйткені онда барғандардың алған әсері ерекше. Солардың бірі – Ұлжан Джаныбекова.
-Лотос алқабына қайықпен бардық. Жол-жөнекей құтандарды, аққуларды көрдік. Судың бетінде өсетін кувшинка гүлдеріне де қызыға қарадық. Ал лотос алқабының әдемілігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны тек барып көру керек. Ал гүлдердің иісін айтсаңызшы! Жолдың ұзақтығы мен қиындығы табиғаттың сұлулығын көрген кезде түкке де тұрмай қалады. Атыраудың осындай керемет жерін көріп келгеніме қуанып отырмын, - дейді Ұ.Джаныбекова.
Лотос гүлдері 5 мың гектар аумақты алып өсіп тұр. Оның мұнда қалай келгені белгісіз. Кейбір болжам бойынша, құстар тұқымын алып келуі мүмкін екен.
(Фото Инстаграмдағы Afisha.travel парақшасынан алынды)
Лалагүл – тазалықтың символы. Гүлдің бір ерекшелігі, лай мен батпақты жерде өскеніне қарамастан, сұлулығы көздің жауын алады. Бұл өсімдік адамның аурасын тазартып, оның денсаулығына пайдалы әсер етеді деп саналады.
Бұл өсімдік күн сайын кешке қауызын жауып, таңертең қайтадан су бетіне көлкіп шығу үшін судың астына тығылады. Ең қызығы, гүл судан шығып, құрғақ болып қалады. Аңыз бойынша, су неғұрлым лас және мөлдір емес болса, лотос гүлі де кезде соғұрлым әдемі болады екен.
Атыраудағы лотостың түсі қызғылт келеді. Мұндай лотос, Үндістан мен Вьетнамның ұлттық гүлі. Лотостың емдік қасиеті бар. Тұқымындағы ақуыз - бүйрек пен көкбауыр, жүрек аурулары мен ұйқысыздыққа ем екен. Қызыл кітапқа енген лотос өсімдігі шілде айының ортасынан бастап, тамыз айының соңғы аптасына дейін гүлдейді.
(Фото Инстаграмдағы Afisha.travel парақшасынан алынды)
Айта кетейк, лотос гүлі сирек кездесетін өсімдіктердің тізіміне енгізілгендіктен, оны жұлуға болмайды.