Атырау облысы әкімдігі мен «Еділ-Орал.kz» ЖШС арасындағы ынтымақтастық пен облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен тәуелсіз сертификаттау бойынша пилоттық жоба іске асады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізумен қатар, «Білім беру жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану» жобасы да пилоттық режимде іске асады. Осыған орай бірлескен жұмыс тобы құрылып отыр.
- Биыл ақпан айының 13-де тәуелсіз сертификаттау жүйесін енгізу бағытында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Атырау облысы әкімдігі мен «Еділ-Орал.kz» ЖШС арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Енді осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін мұнай-газ сервистік саласындағы 25 мекемемен «АРЕС Petrochnic» колледжінде «Еділ-Орал.kz» ЖШС-нің қатысуымен іскерлік жиын өтті. Жиында «Еділ-Орал.kz» ЖШС 16 мамандықты сертификаттауды ұсынды. Аталған мамандықтар сол жерде талқыланды. Сондай-ақ, бұл жүйені жүзеге асыратын оқу орындары анықталып, серіктес жұмыс берушілер белгіленді, - деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, пилоттық жоба іске қосылғаннан кейін өндірістік мекеме жұмысшылары мен кәсіптік білімі бар жұмыссыздар да «Еділ-Орал» ЖШС-не өтінім беріп, сертификаттау бойынша қосымша білім алады. Содан соң, кәсіби дағдысы нақтыланып, тәуелсіз сертификатқа ие болады. Осылайша өңірде жоғары санаттағы жұмысшылар қатары артып, халықаралық дәрежеге ие болады деген болжам бар.