Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша өңірде қызылша ауруын жұқтырғандардың саны 3 мың 636-ға жетіп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысында 3 мың 636 жағдай зертханалық жолмен дәлелденген. Оның ішінде: Атырау қаласында - 3000, Жылыой ауданында – 167, Индер ауданында - 59, Исатай ауданында - 94, Құрманғазы ауданында - 102, Қызылқоға ауданында - 66, Мақат ауданында - 83, Махамбет ауданында 65 жағдай тіркелген.
«Сондай-ақ, басқа ел мен облыстан 16 адам науқастанып келсе, Түркиядан - 4, Тәжікстаннан - 2, Біріккен Араб Әмірлігінен - 1, Алматы қаласынан - 1, Астанадан - 1, Түркістаннан - 1, Ақтөбеден – 6 адам жұқтырып келген», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, былтыр облыста 2 наурыз бен 28 ақпан аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 9 мың 403 жағдай тіркелді. Атап айтқанда: Атырау қаласында - 8402, Жылыой ауданында - 235, Индер ауданында - 74, Исатай ауданында - 146 жағдай, Қызылқоға ауданында -122, Құрманғазы ауданында - 165, Мақат ауданында - 114, Махамбет ауданында - 145 жағдай тіркелген еді.
Еске салайық, Атырау облысында қызылша ауруы соңғы рет 2019 жылы көп тіркелген. Ол кезде 774 жағдай анықталған.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: freepik.com