Атырау облысында қызылшамен ауырғандар саны 3 мыңнан асты

Бұл туралы Атырау облысы әкімі аппаратының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде айтылды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушысы Әлия Бекешеваның айтуынша, облыста қызылша ауруына байланысты эпидахуал тұрақсыз. Науқастанғандардың саны 3 мыңнан асты. Соның 2 мыңнан астамы Атырау қаласында тіркеліп отыр. Ал зертханада 1170 жағдай дәлелденді.

«Науқастанғандардың 80%-і балалар. Бір жасқа дейінгі 200-ден астам бүлдіршіндерден қызылша ауруы анықталды. Яғни олар вакцина алмағандар. Еліміздің Ұлттық күнтізбесі бойынша екпені 1 және 6 жастағы балалар алуы керек болса, ауырғандардың басым бөлігі жасына толмаған және мүлдем вакцина алмаған бүлдіршіндер. Арасында 5 жасқа толмағандары да бар. Олардың екпенің тек бір дозасы ғана жасалғаны анықталды. Науқастанғандардың 70 %-і екпе алмағандар. Елімізде 6 қарашадан бастап қосымша иммундау басталды. Алайда, облыста вакцинаның жоқтығына байланысты иммунизация дер кезінде басталмады. Қазір облысымызға 20 мың  900 доза вакцина әкелініп, емдеу мекемелеріне таратылды. Барлық емханаларда қосымша иммундау басталды», - деді Әлия Бекешева.

Облыстың бас инфекционисті Надя Ерғалиеваның айтуынша, №2 облыстық ауруханаға 1 мың 392 бала қызылшамен түссе, оның 1 мың 316-сы емделіп шықты.   

«Науқастанғандардың 56% екпе алмағандар. Ал 20% қызылшаға қарсы екпе алуға жасы жетпеген. Қазір ауруханада 76 пациент ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінде 23 науқас ем алса, оның 9-ы жүкті әйел», - деді Надя Ерғалиева.

Айта кетейік, Атырау облысында  51 мың адам қосымша вакцина алады. Атап айтқанда, 6-11 айлық нәрестелер, 2-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер, 18 жастан бастап екпе аламағандар мен медицина қызметкерлеріне екпе жасалады.

Эльмира Мықтыбаева