Атырау облысында кәсіпкер жылы аялдама салды

Жылыой ауданы Құлсары қаласында тұратын жас кәсіпкер Бекет Құлбаев аудан орталығына өз есебінен жылы аялдама салды. Ол бұл нысанның құрылысына 40 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Жаңа әрі жылы аялдама Құлсары қаласының орталығындағы Махамбет көшесінде пайдалануға берілді. Оның жартысында кофехана орналасқан, ал екінші бөлігінде құлсарылықтар орындықтарға жайғасып, автобустарын күте алады. Аялдама ішінде кондиционер, ауыз су диспенсері, жылу жүйесі бар, сондай-ақ телефон да қуаттап алуға болады. Қабырғадағы «Көркейе бер, Құлсарым!» деген жазу көз тартады. Аялдама құдды бір демалыс бөлмесі секілді.

- Бұл Құлсары қаласындағы алғашқы жылы аялдама. Бұрын мұнда қоғамдық көлік күтетін орын болмаса да, автобустар осында тоқтайтын. Жалғыз темір белгіден басқа ештеңе болмады. Құлсарылықтар күннен қорғану үшін соның маңын саялайтын. Енді жергілікті халық қақаған суықта да, аптап ыстықта да өз автобустарын ыңғайлы жерде күтіп отыра алады. Павильонның құрылысы бір жыл бұрын басталып, 40 млн теңге жұмсалды. Оның 20 млн теңгесін мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы алдым, - дейді Б.Құлбаев.

Қазір жас кәсіпкер Бекет Құлбаевтың жасы 32-де және ол – Жылыой ауданы мәслихатының депутаты.

Айта кетейік, кәсіпкер алғашқы кофеханасын 2020 жылы Құлсары қаласындағы сауда орындарының бірінде ашқан.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА