Атырау облысында қамыс әлі жанып жатыр
Осымен екінші тәулік бойы Құрманғазы ауданында қамыс жанып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, Құрманғазы ауданында Каспий теңізінің жағалауында Құрманғазы ауылынан 40 км жерде, Құрманғазы орманшылығы КММ аумағында 700 га алаңда қамыс жанып жатыр.
Абырой болғанда, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
«Биыл 4 наурызда сағат 10.00-ден бастап әуеден барлау жүргізу үшін, «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Құрманғазы ауданының №7 өрт сөндіру бөлімінің 12 құтқарушысы, 1 бірлік мотопомпасы, 1 бірлік техникасы (Трэкол) қамыс өсімдіктерін сөндіруге тартылды. Қосымша Орман шаруашылығынан 25 адам, 4 мотопомпа, 5 моторлы қайық жұмылдырылды. Қазір сөндіру жұмыстары жалғасуда», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Жердің сулы-батпақты болуы және жолдардың болмауы қамыс өртін сөндіруде қиындық туғызып отыр.
Еске салайық, қамыс өрті 2 наурыз күні сағат 15:45 минутта тіркелді.
Эльмира Мықтыбаева