Атырауда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК АОФ ұйымдастыруымен «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Акцияға Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында жергілікті маңызы бар «Атырау-Индер» жолының бойында ауыр жүк көліктерінің салмағы тексерілді. «Атырау-Индер» жолымен ауыр жүк көліктері жиі өтеді. Себебі Индер жерінен алынатын құрылыс материалдары Атырау қаласына осы жолмен тасымалданады.
- Жол сапасының нашарлауына ауыр жүк көліктерінің белгіленген мөлшерден әлдеқайда артық жүк тасымалдауы әсер етеді. Статистикалық мәліметтер бойынша облыста асфальттың 35% -ы жүк көліктерінің салдарынан тез тозады. Сондықтан жол сапасын сақтау мақсатында жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау шаралары күшейтіледі. Заңға сәйкес ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан асқан жағдайда айыппұл салынады, деді Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облысы бойынша филиалының инженері Мейірхан Бекесов.
Тексеріс кезінде көлік бақылау инспекторлары бірнеше жүк көлігін тоқтатып, арнайы құрылғымен салмағын өлшеді. Құм тиеген кейбір жүк көліктерінің салмағы шекті мөлшерден 3-5 тонна асып кеткені анықталды. Оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің маманы Талғат Жантеміровтың айтуынша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы, 6-бөлімі бойынша жеке жүк тасымалдаушылар 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Жыл басынан бері жол бойында заң бұзған 62 мыңнан астам көлікке 46 млн. теңге айыппұл салынған.