Атырау облысында жыл басынан бері 5 бала суға кетті

Шомылу маусымы басталғалы бері балалар түгілі ересектердің өзі суға түскенде қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Соның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алуда, деп хабарлайды төтеншеліктер.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыстың су айдындарында 10 адам қаза тапса, соның үшеуі бала. Ал шомылу маусымы ашық деп жарияланғалы бері  3 ер  адам суға кетті. Өкінішке қарай оның екеуі кішкентай бала.

Суда жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында, ТЖ департаменті полиция қызметкерлері және Атырау қаласы мен аудан әкімдіктері өкілдерімен бірлесіп, су айдындарында шомылу кезінде қауіпсізік туралы күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Оған өңірдегі Ұлттық ұланның күштері, 4 еріктілер ұйымы жұмысқа  тартылып отыр.

Үгіт-насихат жұмыстары барысында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын түсіндіреді, негізгі қорғау құралдарын, сондай-ақ зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету тәсілдерін көрсетеді.

Қазіргі уақытта суда төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша күнделікті рейдтік іс-шараларға 273-тен астам адам мен 44 бірлік техника жұмылдырылады.

Атырау қаласындағы, Жылыой және Құрманғазы аудандарындағы үш суда құтқару станцияларында орналасқан Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырып отыр.

Бүгінгі таңда азаматтардың судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 741 мың 286 теңгеге 82 хаттама жазылды. Салыстыру үшін айта кетейік, былтыр  551 хаттама түзілген.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында шомылу кезінде қауіпсіздік техникасы сақтап, ата-аналарды балаларының өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Айта кетейік, статистика бойынша судағы жазатайым оқиғалардың  95 пайызы мас күйінде суға түсу және өз күшін дұрыс бағаламаудан орын алады.