Бұл туралы AtyrauPress хабарлайды.
Бүгінгі таңда Атырау облысындағы дәріханаларда дәрі-дәрмек жеткілікті және оның бағасы қымбаттаған жоқ.
ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Үмітхан Мұсабаеваның айтуы бойынша, дәрінің құнын Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткен бөлшек және көтерме шекті бағадан асыруға болмайды.
-Денсаулық сақтау министрлігінің №94 бұйрығы бойынша 7256 дәрілік затқа шектік баға қойылған. Атырау облысында биыл сәуір айында ғана дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтеру жағдайы тіркелді. Осы ретте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426 бабымен 1 хаттама толтырылды. Өткен жылы мұндай бірде бір жағдай орын алған жоқ. Біздің тарапымыздан апта сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліп, баға бақыланып отыр. Облыс тұрғындарынан арыз-шағым түскен жоқ, - деді Ү.Мұсабаева.
Егер Атырау облысындағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасы шекті бағадан асатын болса, онда ол жайлы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің 45-40-08 және 45-40-21 телефон нөмірлеріне хабар беруге болады.
Сонымен қатар, дәрілік препараттардың бағасын дәріханалардан ғана емес, сондай-ақ DariKz мобильді қосымшасынан да көруге болады.
Айта кетейік, Атырау облысында 334 дәріхана бар. Оның 235-сі қалада орналасқан.