Мұнайлы өлкеде ақ халаттылардың орташа жалақысы 600 мың теңгеден асады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір Атырау облысында дәрігерлердің орташа жалақысы – 643 мың 933 теңге, орта буын қызметкерлері 359 мың 951 теңге алады.
Дәрігерлердің ай сайынғы табысы жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша 2020-2023 жылдары әр жыл сайын дәрігерлердің еңбекақысы 30 %-ке, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20 %-ке өсірілді.
Айта кетейік, Атырау облысында жалпы 98 медициналық мекеме бар. Оның 33-і мемлекеттік болса, ал қалған 65-сі жекеменшік.
Қазір облыс халқын емдеуде 5 мың 517 медицина қызметкері атсалысуда. Оның 1 мың 249-ы дәрігер, ал 4 мың 268-і орта буын қызметкері.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: AtyrauPress