Халықаралық Ауыл әйелдері күні қарсаңында Индер ауданында «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты форум ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға Ұлттық комиссия мүшелері, орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ауыл» партиясының басшылығы мен белсенділері, әйел кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, жастар өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан және Астанадан арнайы келген делегациялар қатысты.
- Ауыл әйелінің бейнесі ана, жар, ұстаз, кәсіпкер әрі еңбеккер ретінде еліміздің болашағы үшін ерекше маңызға ие. Бұл форум – олардың үні естіліп, еңбегі еленетін, ұсынысы іске асатын маңызды алаң,- деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.
Форум барысында ауыл әйелдерінің ел дамуына қосып отырған үлесі, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, экспорт пен кооперацияны кеңейту, дәстүрлі құндылықтарды сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, жалпы Атырау облысындағы 70 мыңнан астам кәсіпкердің 45 пайызы – әйелдер. Оларды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда.
«Бизнестің жол картасы – 2025» арқылы 35 әйел кәсіпкер несие алса, былтыр 14 кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болған.