Атырау облысында наурыз айынан бері 211 жылқы малынан белгісіз ауру анықталған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды ATPress.kz.
«Атырау облысының Исатай Құрманғазы және Махамбет аудандарында биылғы наурыз айынан бері 56 жеке тұрғын және 5 шаруа қожалығына қарасты 211 жылқы малы белгісіз аурумен ауырып, оның 75 басынан шығын болды. 136 бас жылқыға симптоматикалық емдеу шаралары жүргізіліп жатыр» деді обыс әкімінің орынбасары облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ауру себебін анықтау үшін өлген малдардан қан сынамалары алынған. Сынамалар мен патологиялық материалдар республикалық ветеринариялық зертхана, Ұлттық референттік ветеринария орталығы, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша зерттеу институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтына жолданыпты.
«Ахуалға байланысты министрліктегі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне ғалымдарды шақырту жөнінде хат жолданды. Облысқа келен мамандар Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Қызылқоға аудандарын аралап, ауырған жылқы малдарынан сынамалар алды. Хаттамаға сәйкес Делафондиоз аурының қоздырғышы және Гастрофилез, Жылқы Параскаридозы, анықталды. Ғалымдардың алдын ала сараптамасына бойынша осы қоздырғыш жаппай мал өлімінің себебі болып отыр. Ғалымдар бұл аурумен күресу үшін жануарлар иелерін және ветеринариялық дәрігерлерді қан паразитарлық аурулар мен гельминтоздарды емдеу және алдын-алу шаралар бойынша жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр. Жоғарыда айтылған инититуттар зерттеулер жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр, қорытындысы бойынша қосымша хабарланатын болады» деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев.