Атырау облысында бәсекелестікті шектеу белгілері бойынша сегіз тергеп-тексеру жұмысы жүргізілді

2025 жылдың бірінші тоқсанында Атырау облысында мұнай өңдеу, көлік, денсаулық сақтау салаларындағы бәсекелестікке қарсы әрекеттер бойынша тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің АОД басшысының орынбасары Әсел Адиева мәлім етті.

– Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша мұнай өңдеу, жуу-булау, мемлекеттік сатып алу және денсаулық сақтау бағыттарында бәсекелестікке кедергі келтіретін жағдайлар анықталды. Мысалы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС тарапынан мұнай өңдеу қызметіне жоғары баға белгілеу арқылы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері байқалды. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу жалғасуда, – деді Әсел Адиева.

Сонымен қатар жеке медициналық ұйымдардың қызметіне кедергі келтіруі мүмкін әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасына да қатысты тергеу тағайындалған. Басқарма бұған дейін монополияға қарсы органның ресми хабарламасын белгіленген мерзімде орындамаған.

– Біз монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын анықтап қана қоймай, оны жою бағытындағы нақты шараларды қабылдап жатырмыз. Атап айтсақ, кейбір ауылдық мәдениет үйлері тарапынан келісімсіз қосымша қызмет көрсету деректері бойынша заң бұзушылықтар тоқтатылып, тиісті нұсқамалар орындалды, – деп толықтырды спикер.

Бұдан бөлек брифингте 2025 жылдың 9 қаңтарындағы облыстық соттың табиғи ресурстар басқармасына қатысты қабылдаған шешімі де қозғалды. Сот мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасында бәсекелестік шеңберін тарылтқан талаптарды заңсыз деп танып, департамент әрекетін заңды деп тапқан.
Айта кетейік, қазіргі уақытта департамент жанынан тауар нарықтарына кіру кедергілерін жою бойынша кеңес өз жұмысын жалғастыруда. Жаңартылып жатқан құрам сала мамандарын белсенділік танытуға шақырады.