Атырау облысында алты ауыл құм құрсауында қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ауыл халқы "құмның астында қалатын болдық" деп дабыл қағуда. Бес жыл қатарынан келген құрғақшылық пен Каспий теңізінің тартылуынан шағылдар көше бастады. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік осыдан 3 жыл бұрын сексеуіл отырғыза бастады. Алайда, бұл тірлік тындырымды атқарылмағандықтан, аяқсыз қалған.
Фаруза Сұлтанәлиева ауылдағы жалғыз трактордың барына шүкіршілік етеді. Сол техника болмаса, оның үйі мен қора-қопсысы түгел құмның астында қалар еді. Десе де, қауіп әлі сейілмегендіктен күн сайын «не болар екен?» деп жанын шүберекке түйіп отыр. Трактордың көмегімен аптасына бір рет құмнан тазалатып алады екен. «Әбден азап көрдік» деп мұңаяды.
Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын да тығырыққа тіреген. Алдыңғы жылы 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталды. Сол ақшаға 27 мыңға жуық сексеуіл егу қажет болған. Мердігер деп танылған «Гемакасес» ЖШС былтыр тамызда жұмысын аяқтап, тапсыруы тиіс еді. Бірақ жұмысын толық аяқтамаған. Мердігердің жауапсыздығынан басын қауіпке тігіп отырған ауыл халқы наразылығын білдіріп отыр.
Енді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаштың айтуынша, жаңа жұмыстың жобасы жасақталып жатыр.
«Ауылдың ішіндегі құмды далаға машинамен, погрузчиктермен шығару үшін жобалау-сметалық құжатын дайындап жатырмыз. Құмның көптігінен игере алмай отырмыз», - деді ауыл әкімі.
Билік басындағылар кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін айтады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева салғырттық танытып, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілетінін алға тартты. Егер осы күзде міндеттелген жұмысы орындалмаса, сот алдында жауапқа тартылады.
Атырау облысында алты ауылды құм басып қалуы мүмкін. Исатайда қолға алынған жұмыс нәтижелі болса, қауіп төніп тұрған басқа да елдімекендердің айналасына сексеуіл егу жалғасады деп күтілуде.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА