Атырау облысында археологтар Қарабау ауылы маңынан құнды дүниелер тапты

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылдық жоспарына сәйкес музей қызметкерлерінен құрылған экспедиция Қызылқоға ауданындағы «Қарақұдық-1» және «Қарадұқық-2» қорғандарындағы қазба жұмысын жүргізіп, құнды дүниелер тапты, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Қарабау ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан қос қорғанда ерте темір дәуіріне жататын  жерлеу орны бар екендігі анықталды. Тоналмаған қосымша жерлеу орындарында табылған мүрделер - екі әйел адам мен бір ер адамға тиесілі екені анықталды. 

Жерлеу орындары біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген болуы мүмкін. Өйткені бірінің қасына 3 алтын білезік, 2 алтын сақина мен сырға , күміс алқа және жебе, ал екіншісінің жанына бал ашуға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасы анықталды. Ал шамамен 2500 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адамның қасынан қанжар, найза, қайрақ, ер тоқымның тіреуіші және 100-ге жуық жебе мен сынған қазанның қалдығы табылған.

Экспедиция алдағы уақытта Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылы маңындағы Қарабау қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Мира НҰРТАЕВА