Атырау облысында мектеп-интернаттың 900 оқушысы 320 орынға шақталған білім ұясында оқып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылыой ауданындағы Қосшағыл ауылының оқушылары 4 ауысымда оқып жүр. Мұндағы мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстары былтыр қараша айында тәмамдалуы тиіс еді. Алайда мердігер жұмыстың 30 процентін ғана орындаған. Күрделі жөндеуге облыс бюджетінен 548 млн теңге бөлінген.
Төрт ауысымда оқитын балаларға күніне небәрі 4 сабақ өтіледі. Кабинеттердің жетпеуі салдарынан кей пәндер қашықтан оқытуға ауыстырылған. Мұғалімдердің айтуынша, барлық балалар қашықтан оқи алмайды. Сондықтан мектепке келіп оқығанға жетпейтінін алға тартты ұстаздар.
Жалпы, Қосшағылдағы мектепті қосқанда Құлсары қаласында 3 білім ұясының жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Үшеуін де Шымкент қаласында тіркелген компания бастаған екен. Қазір ашық-шашық, қараусыз жатыр.
Мердігерге қатысты бір емес бірнеше рет қылмыстық іс қозғалған. Енді соттың шешімін күтуге тура келеді.
«Сотты нақты шешімінсіз жөндеу жұмыстары жалғаса алмайды. Келісім шартты бұзып, жаңасын жасау үшін уақыт қажет», деп түсіндірді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Садуахасова.
Айта кетейік, одан өзге облыстағы 8 білім мекемесіне қайта жаңғырту қажет. Оған қазынадан 4 млрд 271 млн теңге қаралған.
Сурет ашық дереккөздерден алынды