Биыл Атырау облысында 7-14 жас аралығындағы 78 мың 198 бала жазғы сауықтыру лагерьлеріне барып демалады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Облыстық білім беру бақармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, лагерьлермен 1-10 сыныпта оқитын 135 мың 402 баланың ішінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көп балалы отбасылардың, мүгедек балалар мен жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушылары қамтылады.
- Жазғы тынығуға 149 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі, қала сыртындағы 3 лагерь қарастырылып жатыр. Мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерьлерде 8 мың 466 бала демалады деп жоспарланып отыр. Тамақтандыру лагерімен 65 мың 644 бала қамтылмақ. Қала сыртындағы 3 лагерьге 2 мың 988 баланы қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Геолог Казахстана» лагерінде 1500 бала демалады. Индер ауданындағы «Жас өркенге» 1008, ал Махамбет ауданындағы «Арайға» 480 оқушы барады, - деді Орынтай Биманова.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының жаздық сауықтыру деп аталатын әлеуметтік жобасы аясында атыраулық 3 мың бала ұсынылып, оның мыңы ғана іріктеуден өткен. Енді олар Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің жанындағы ««Ainaline Camp» лагерінде демалады. Қордың мақсаты - ауыл балаларының интеллектуалдық шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау.
Ал жалпыға міндетті оқу қорынан 1277 оқушы өзге өңірлердің лагерьлерінде демалады және саяхаттайды.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото ашық дереккөздерден алынды.