Атырау облысында 600-ден астам ит пен мысыққа чип тағылды

Бірінші қыркүйектен бастап, Атырау облысында 634 үй жануары чиптелді. Кей аудандарда чип салынған төртаяқтылар мүлдем аз. Атап айтқанда, Мақат, Құрманғазы мен Жылыой аудандарында бір-бір мысыққа, ал Қызылқоғада – екі итке чип тағылды, деп хабарлайды  AtyrauPress.

Естеріңізге салайық, енді "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болады. Ал үй жануарларының басқа түрлерін, яғни егеуқұйрық, хомяк немесе мини-пигтерді есепке алу ерікті негізде жүргізіледі. Қазақстандықтар үшін электрондық жүйеге жануарлары туралы ақпаратты енгізу - тегін. Дегенмен чип тағу үшін мысық пен ит иелері өз қалтасынан ақша төлеуі тиіс. Оны өтеуге мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қызмет түрі тегін болмақ. Бұл жұмыстар Атырау облысында қалай жүргізілуде?

«Доброе сердце» қорының волонтері  әрі кинолог Мамучар Джабасовтың айтуынша, микрочип тағу - қажетті шара. Егер ит не мысық адасып қалса, оның иесін табу оңайырақ болады. Мәселен, ит адамға шабуыл жасаған жағдайда, зардап шегуші итке вакцина салынған не салынбағанын біле алады. Ал төртаяқтының иесі одан әдейі құтылғаны анықталса, жауапқа тартылуы мүмкін.

«Жануарларға микрочип қондыруды азаматтар өз есебінен жасайды. Жағдайы жоқтарға тегін жүзеге асырылады. Алайда олардың көбі ит пен мысық асырамайды. Асыраса да салғырт қарайды. Қалай болғанда да алдағы уақытта, жануардың чипі жоқ болса, иелеріне айыппұл салынады. Көбі қыркүйек айының басында чиптеуден қашып, үй жануарларын қаңғытып жіберді. Соның салдарынан көшеде қолға үйретілген ит пен мысық саны артады. Бұл жоба мемлекет қаражаты есебінен жүзеге асып, учаскелік полиция инспекторы мен медицина қызметкері бірлесіп, әр үйді аралағаны жөн болар еді», – дейді Мамучар Джабасов.

Сонымен қатар кинолог чиптеудің тағы бір жағымсыз тұсымен бөлісті. Сертификатталған чипті пайдалану уақыты - кемінде 5-8 жыл. Сапасы төмендеуі 3 жыл ғана қолданылады. 

Атырауда чип қондыру жұмыстарымен төрт клиника мен бір зоодүкенде айналысады. Бір айдың ішінде 512 ит пен 122 мысыққа чип қондырылды. Ал еліміздің өзге өңірлеріне келер болсақ, Қызылорда облысында бір айдың ішінде небәрі 63 ит пен мысыққа чип енгізіліпті. Ал Алматы (90 384) мен Астана (25 824) бұл ретте көш бастап тұр. Жалпы, Қазақстан бойынша 155 739 үй жануары тіркелген. Айта кетейік, Tanba сайтында төртаяқтыларды тіркеп, паспорт жасауға болады. 

Мира НҰРТАЕВА