Атырау облысында электр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Теміржол бойында орналасқан елді мекендерде ұзындығы 237 шақырым электр желісі жаңартылды. Сонымен қатар осы аумақтардағы қосалқы станциялар мен жоғары кернеулі электр желілері толықтай ауыстырылды.
Бұл туралы Атырау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Асан Нұрғалиев мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Бұдан бөлек Қызылқоға, Мақат, Жылыой және Индер аудандарында қосымша 111 шақырым электр желісі жаңартылып, 137 дана көше жарығы шамы орнатылды. Бұл – облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Қазір Атырау қаласындағы Нұрсая және Самал шағынаудандарында қуаттылығы 32 МВт болатын жоғары кернеулі электр станцияларының құрылысы жүргізілуде. Нысандар жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда, - деді А. Нұрғалиев.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту – өңірдегі тұрақты жарықпен қамтуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық даму қарқынын арттыруға сеп болмақ.
