Атырау облысынан қостанайлықтарға 30 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Дала өртінен зардап көрген Қостанай облысының тұрғындарына атыраулықтар 30 тонна гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайдыATPress.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен Атырау қаласы мен аудандарда арнайы штабтар құрылған.

Штаб өкілдері бүгін таңғы сағат 9:00-ден бастап азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдықтарды жинап, көліктерге тиеп жіберді.

Қайырымдылық шарасына тұрғындар, әкімдік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасағы жұмыла ат салысып жатыр.

 Абдолла Идресов, Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

"Қостанай облысындағы қайғылы оқиға кімнің болмасын қабырғасын қайыстырмай қоймады. Сол үшін штабта жан-жақтан көмек жинап, оны жүк көліктеріне тиеп, кезең-кезеңімен жібереміз. Мұндай қиын сынақтан жұдырықтай жұмылып, бір ел болып өте аламыз. Қазір Қостанай облысындағы Amanat партиясы филиалының басшысымен байланыста отырмыз. Біз көрсетіп отырған көмектен бөлек, жапа шегушілерге тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты ашылды. Алдағы уақытта бұл есепшоттың нөмірі қосымша хабарланады".

Абдолла Идресовтің мәліметінше, бірінші қажеттіліктегі заттар салынған алғашқы 10 жүк көлігі жолға шықты. Қалғаны Қостанай облысына жақын уақытта жөнелтіледі.

 Штаб құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері де белсенді атсалысуда.

Заманбек Құрақбай, ерікті:

"Ауыр хабарды естігелі бері барымызды салып, ерікті ретінде тауарларды көліктерге тиеп жатырмыз. Біз Қостанаймен біргеміз. Көмек көрсетуге дайынбыз. Осындай қайырымдылық шараларына жастарды белсенді түрде атсалысуға шақырамыз".

 

Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды.

Нұрлан Жонасов, белсенді:

"Чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін жазып отыр. Екі күн бойына керек-жарақтың бәрін жинап, кейін жөнелтеміз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 20-ға жуық жүк көлігі сақадай-сай тұр. Алмалы ауылы және Махамбет ауданынан да жүк көліктері келе жатыр".