"Атырау облысы Су арнасы" су бұру және сумен жабдықтау бойынша бір қызметін негізсіз төрт дербес қызметке бөлген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сөйтіп, жергілікті актілермен регламенттей отырып, қызмет көрсетудің мерзімін ұзартқан. Нәтижесінде, 28 күннің орнына қызмет көрсету мерзімі бірнеше айға, ал, кей жағдайда бір жылға дейін ұзартылған. Дәл осылай 2020-2022 жылдары, яғни, екі жыл бойы 1600-ден астам кәсіпкерге қызмет көрсетілген.
Бұл мәселе тек Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің араласуынан кейін ғана шешілді. Аталған департаменттен білгеніміздей, монополистке бірқатар ұсыныстар енгізіліп, қызмет көрсету тәртібі заңнамаға сәйкес қалыпқа келтірілді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ