Республика күні мерекесіне орай «Геолог» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Судьялар одағы филиалының ұйымдастыруымен Атырау облысы соттары арасында спартакиада өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша облыс соттарының командалары арасында үстел теннисінен және футболдан жарыстар ұйымдастырылды.
Судьялар одағы филиалының төрағасы М.Нағашыбаев спартакиаданы ашық деп жариялап, қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
«Бүгінгі спорттық жарыс сот жүйесінде дене шынықтыру мен спортты дамыту мүмкіндігі. Аталған іс-шаралар денсаулықты, әріптестер арасында сыйластық пен достық қарым-қатынасты нығайтады», - деді М.Нағашыбаев.
Спартакиада қорытындысы бойынша үстел теннисінен I орын Құрманғазы аудандық соты әкімшісінің бас маманы А.Айтекеноваға, II орын Атырау қалалық соты әкімшісінің басшысы Э. Тулепбергеноваға, III орын Атырау қалалық соты әкімшісінің бас маманы Д.Зинешоваға берілді.
Футбол ойыны бойынша I орынды «Фемида» командасы, II орынды «Әділет» командасы, III орынды «Төрелік» командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Мұнан соң жарыс қонақтары мен қатысушылары үшін концерттік бағдарлама ұсынылды.