Атырау облысы Махамбет ауданында батыс аймақтық ақындар айтысы өтті

Бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Махамбет ауданында 25 қазан - Республика күні қарсаңында ақын, әнші, композитор Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 185 жыл толуына орай «Мен бабында жүрген жүйрігің, Бәйгелі жерде жүлде алған» деген атпен батыс аймақтық ақындар айтысы өтті.

Оған Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 16 ақын қатысты.  Айтысты Махамбет аудандық әкімдігі және Қазақстан айтыскерлері мен жыршы-термешілер одағының Атырау филиалы ұйымдастырды.


- Қазақ халқының өзге халықтарға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті – төкпе ақындығы.  Бабалардан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Батыс өңірінде ақындығымен елге танылған Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 185 жыл толып отыр. Елдің еркесі болған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары терең зерттеліп, ақын жөніндегі мағлұматтар күн өткен сайын толығуда. Денесі Махамбет өңірінде жатқан Бала Ораз Өтебайұлының басына кесене салынды. Өзіміздің арыстарымызды құрметтеп, қастерлеу біздің парызымыз, деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.  

Суырып салма жырдың бәйгесіне Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақын Жәниба Қарасаева, мәдениет саласының ардагері Амангелді Есенғалиев, «Жарсуат» халық театрының режисері Мұрат Талас, «Бақсай» ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қадыржан Қазымбекұлы қазылық етті.


Жылыой ауданының ақыны Сырымбек Сәрсенбаев өңірде айтыс өнеріне жақсы көңіл бөлініп жатқанын, өйткені бұған дейін айтыскер ақындардың облыс әкімімен кездесуі өтпегенін жеткізді. Оған қоса Атырау қаласындағы Абай өнер орталығынан арнайы кабинет берілгенін, осындай қолдаудың нәтижесінде ақындарымыз Алматы қаласында өтіп жатқан «Асыл домбыра» айтысында ақтық сынға шыққанын баса айтты.


Аламан айтысқа ақындар жоғары дайындықпен келгенін көрсетті. Айтыскерлер Бала Ораздың ақындығы мен батырлығын, елдік пен бірлікті, бүгіннің өзекті мәселелерін, Махамбеттей мекеннің ерекше қасиеттерін өз жырларына арқау етті.


Көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың қорытындысы бойынша 700 мың теңгелік бас жүлдеге Жәнібек Садыров  лайық деп танылды. Ал, бірінші орынға 500 мың теңге жүлдемен Ерболат Қарақойшы, екінші орынға 400 мың теңгенің жүлдесімен Серікбол Панабердиев, үшінші орындарға 200 мың теңгенің жүлдесімен Абылай Смағұлов, Қайырхан Жұбаниязов, Өнербек Дәулекенов ие болды.


Нұрбейбіт Нұғыманов, Әнуарбек Садықов, Амангелді Панабердиев, Ғалымбек Мұстафа, Ерасыл Мұхитов, Баймұрат Кеңеске 80 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы мен Алғыс хат берілді. Сондай-ақ Батыржан Кәдірбай,  Зейнетолла Қосымбаев, Нұрбек Сарбасов және Сырымбек Сәрсенбаев 100 мың теңгелік арнайы  жүлдеге ие болды.


Айта кетейік, 19 қазан күні Атырау қаласында «Егемендігім ерен елдігім» деген атпен республикалық ақындар айтысы өтеді деп жоспарланып отыр.