Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мукишевтің айтуынша, өңірде 13,2 шақырым жылу, 0,8 шақырым су және 647,9 шақырым электр желілеріне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілген.
- «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» мекемесі тарапынан №2, №11 жылу агрегаттарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Қазір №9 жылу агрегаты жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта №5 жылу агрегаты да жөнделмек. 19 мамырда облыс бойынша көп қабатты тұрғын үйлерді сынақтан өткізу жұмысы басталады. Барлық тұрғын үй 15 қазанға дейін жылу беру маусымына толықтай дайындалып, сол күннен бастап жылумен қамтамасыз етіледі, деді Д.Мукишев.
Қазір 2 білім ордасы және 7 денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал қалған нысан жылыту маусымына толықтай дайын.
Айта кетейік, жылу беру маусымына жергілікті бюджет есебінен 1,2 млрд теңге қаражат берілсе, кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 2 млрд теңге бөлінген.