Атырау музейінде қолөнершілермен шеберлік сағаты өтті

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өлкемізде дәстүрлі өнермен айналысушы жергілікті зергер және қолөнершілердің қатысуымен шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
 Іс-шараға тері бұйымдарын жасаушы, ЮНЕСКО көлемінде өткен «Махамбет менің көзіммен» атты байқаудың I дәрежелі дипломанты Кеңес Айыпқалиев, көптеген байқаулардың жеңімпазы, ағаш шебері Нұрсұлтан Қалиев және тастардан, тарихи таңбалардан бұйым жасайтын күміс шебері Қайрат Шапаев келді. Олар өз бұйымдарымен таныстырып, жасалу бағыттарын көрсетті. Сондай-ақ жастарды өнерге баулу жолындағы әңгімелерін баяндады.
 
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің этнолог әдіскері Күміс Аймұханова көнеден келе жатқан қазақ қолөнерінің маңызына тоқталды.
 
- Көрісу және Наурыз мерекелері қарсаңында қолөнершілердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылып отыр. Мақсаты - келушілерді қазақ халқының қолөнер түрлерімен таныстыру. Жас ұрпақты халық өнеріне баулу, қолөнерге деген ой-өрісті дамыту мен оны қадірлеуге үйрету. Олардың қызығушылығын оятсақ, ұлттық құндылықтарды бағалай түскеніміз, - деді К.Аймұханова.