Атырау МӨЗ-де жоспарлы-алдын алу жөндеу аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау мұнай өңдеу зауытында 32 технологиялық қондырғыны жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары аяқталды.
Қондырғыларды жөндеу кезек-кезеңімен жүзеге асырылды. Бұл тәсіл мұнай өнімдерін шығаруды тоқтатпауға мүмкіндік берді және отандық мұнай өңдеу зауыттарында алғаш рет қолданылды.
Жөндеу барысында катализаторларды ауыстыру, ішкі инспекция, реакторлы, сыйымдылықты, коллонналық, жылуалмасу жабдықтары мен құбырларды тексеру мен куәландыру, насосты-компрессорлық, энергетикалық жабдықтар мен бақылау-өлшеу және автоматика құралдарын жөндеу, технологиялық пештерді тексеру жұмыстары жүргізілді.
Жоспарлы жөндеу кезінде аппараттарды бумен тазалау операциялары жабық жүйеде, қоршаған ортаға әсерсіз өткендігін атап айтқан жөн. Аталмыш жұмыстар көмірсутек пен будың қосындысын сұйықтыққа айналдырып, дренаждық жүйеге жіберу арқылы іске асырылды.
АМӨЗ-дің өндірістік бағдарламасына тікелей әсер ететін аса маңызды Каталитикалық крекинг және Каталитикалық риформинг қондырғыларын жөндеуге ерекше мән берілді. Каталитикалық крекинг қондырғысы қара түсті мұнай өнімдерін өңдеу арқылы ашық түсті мұнай өнімдерін (автобензиндер, дизельді және реактивті отын) өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ал Каталитикалық риформинг қондырғысын отындық және мұнай-химиялық режимде кезекпен қолдануға болады. Отындық режим кезінде автобензин өндіру көлемі артса, мұнай-химиялық режим іске қосылғанда бензол мен параксилол өндіру көлемі ұлғаяды.
Жоспарлы жөндеу кезінде зауыт 50-70%-ға тең қуаттылықпен жұмыс істеп, мақсатты өнім шығаруды және жөнелтуді жалғастырды. Қазан-қараша айларында 581,4 мың тонна мұнай өңделді. Мұнай өңдеудің орташа тәуліктік көрсеткіші 9531 тоннаны құрады. Бұл зауыттың жобалық қуаттылығының 57%-на тең. Сондай-ақ мұнай өнімдерін шығарудың орташа тәуліктік көрсеткіші: 1570 тонна автобензин, 2 100 тонна дизельді отын, 120 тонна реактивті отын және 155 т сұйытылған газды құрады.
Өткізілген жөндеу жұмыстары технологиялық, электркүшті, компрессорлық және динамикалық жабдықтарды үздіксіз, қауіпсіз және сенімді пайдалануды қамтамасыз ету арқылы жоспардан тыс тоқтатуларды азайтады деп күтілууде. Сондай-ақ жөндеу-қалпына келтіру шаралары қондырғылардың жобалық көрсеткіштеріне қол жеткізіп, өндірістің тиімділігін арттырып, АМӨЗ-дегі және Атырау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.