Атырау мұнай өңдеу зауытын электрмен жабдықтау қалпына келтірілді

27 шілде күні сағат 22.00-ден кейін Атырау МӨЗ-да электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сол күні сағат 23.00-де электр энергиясын төмендету себебінен тоқтатылған зауыт қондырғыларында жөндеу және іске қосу жұмыстары басталды, оның барысында жабдықтың жұмысқа қабілеттілігі анықталады.

Қазіргі уақытта технологиялық ақауларды жою жұмыстары жалғасуда.  Қондырғыларға шикізат беру 28-шілде күні кешке жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде Атырау МӨЗ электр энергиясының кернеуін төмендету тіркеліп, соның салдарынан зауыт "KEGOC" АҚ-ның сыртқы желілерінен ажырап,  зауыт жұмысы тоқтап қалған болатын.

Төтенше жағдайдың алдын-алу үшін сыртқы электрмен жабдықтау жүйесі толық тұрақтанғанша зауыттың отын желісі технологиялық регламентке сәйкес алау жүйесіне бағытталды.

27 шілдедегі жағдай бойынша зауытта 26 мың тонна автобензин, 22 мың тонна дизель отыны және 4 мың тонна авиакеросин қоры бар.

Бұл ресурстар тұтынушыларға жіберіледі.

 

Фото ашық дереккөздерден алынды