Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметкерлері балаларға қуаныш сыйлады

Дәстүрге сай Жаңа жыл қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері қаладағы ерекше қажеттіліктері бар балаларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар таратты.

Алдымен «Азаматтық альянс» бірлестігінің бастамасы бойынша «АМӨЗ» ЖШС кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Өмір гүлі» мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық орталығының кішкентай тәрбиеленушілеріне арналған шырша өтті.


Мерекелік іс-шараға 60 бүлдіршін қатысты. Олар мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлермен  бірге ән салып, би биледі. Түрлі ойындарға қатысып, жаңа жыл туралы өлең оқып,  Аяз Ата мен Қаршы қыздан сыйлық алды. Жаңа жылмен құттықтап келген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов балғындарға шат-шадыман көңіл-күй сыйлаған Атырау мұнай өңдеу зауытының  ұжымына алғысын жеткізді.


-    Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, демеушілік танытқан Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына, ұжымына, кәсіподақ ұйымына Атырау қаласының әкімі атынан алғысымызды жеткіземіз. Барлығыңызды жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, − деді ол.
Қайырымдылық іс-шаралар легі «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінде жалғасты. АМӨЗ-дің кәсіподақ ұйымының мүшелері мұндағы ертеңгілікке қатысып, 30 балаға жаңажылдық сыйлық тарту етті. Оңалту орталығының тәрбиеленушілері қонақтарға ән салып, көркемсөз оқыды. Ерекше балалардың ата-аналары зауыттықтардан алғыстарын аямады.


-    Баламның төрт қабырғаға қарап отыруына жол бермей, осындай игі шарада балаларға Аяз Ата, Ақшақар образында тәтті көңіл-күй сыйлап, сыйлықтармен қуантып, қолдау көрсеткен «АМӨЗ» ЖШС ұжымына, кәсіподақ ұйымына алғыс айтамын, - деді ата-ана Жанна Амантайқызы.
Керемет пен сиқырға толы мереке қарсаңында АМӨЗ-дің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт және газ қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар қызметтерінің мамандары да игілікті істің бастамашысы болды. Олар Бесікті орта мектеп интернатының тәрбиеленушілеріне өз қаражаттары есебінен сыйлық жасап, мерекемен құттықтады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің басшысы Арман Димукашев бүлдіршіндердің дендеріне саулық пен армандарының орындалуын тіледі.


    Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған осындай мерекелік акциялар АМӨЗ мен салалық кәсіподақтың ежелден келе жатқан дәстүрі болып табылады.