Атырау мұнай және газ университеті марқұм А.Забикулиннің отбасына білім гранттарын бөлді

Бұл туралы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ғылыми кеңесінің кезектен тыс отырысының шешімімен Асқар Забикулиннің балаларына мектепті бітірген соң кез келген бакалавриат мамандығына грант бөледі.

 Сондай-ақ, Асқар Забикулиннің балалары 2023 жылы жазда университеттің жатақханасында тұрып, IT-лагерьге және жазғы тілдік мектепке қатыса алады. Сонымен қатар әйелі Анель Забикулина үшін «Адам ресурстарын басқару» мамандығы бойынша МВА-да оқуға грант бөлінді.

 Қаза болған өрт сөндірушінің әйелі Анель Забикулинаның МВА бағдарламасында оқуға толық грантын AlmaU да бөлді. Ол грантты 2023-2026 жылдары қолдана алады.

Еске салайық, Асқар Забикулин 16 қарашада Астанада өрт шыққан үйден тұрғындарды құтқарып, денесінің 80 пайызын күйік шалып, қаза болды. 22 қараша күні туған жері Көкшетау қаласында ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау капитаны А.Забикулинді әріптестері мен туған-туыстары соңғы сапарға шығарып салды.

Марқұмның артында әйелі мен екі перзенті қалды. 

 

 

Фото ашық дереккөздерден алынды.