С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде "Коммуналды шаруашылық және жол құрылысы" атты жаңа мамандық ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, енді жол саласы мамандығын таңдайтын түлектер Атырау қаласынан жоғары білімге қол жеткізе алады. Қазір оқуға түсушілерден құжаттар қабылданып жатыр.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы жергілікті жерде жол саласының мамандарын дайындайтын мамандық ашу туралы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің ұжымына ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсыныс оң шешімін тауып отыр», - делінген хабарламада.
Аталған мамандық бойынша оқу грантына құжат қабылдау 20 шілдеде аяқталады. Конкурсқа 50 балдан жоғары ұпай жинағандар өтінішпен қатыса алады. Құжаттар сенбі-жексенбі күндері де қабылданады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА