Атырау мұнай өңдеу зауытында К5 класындағы бензинді жөнелтуді бастады

2023 жылдың шілде айында Атырау МӨЗ еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттардың ішінде алғашқы болып К5 экологиялық класты (Еуро-5 аналогы) АИ-92 автобензинін шығаруды бастады, деп хабарлайды AtyrauPress.

«ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ-ның қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін азайтуға бағытталған саясаты аясында «АМӨЗ» ЖШС К5 экологиялық класты автокөлік бензинін өндіруге көшті.

Аталмыш экологиялық отынның басты артықшылығы – құрамындағы күкіртті қосылыстардың көрсеткіші К4 класымен салыстырғанда 5 есе аз. Сондай-ақ, хош иісті көмірсутектердің (бензол) және өзге де қоспалардың мөлшері шектеулі. 

Айта кету керек, К5 класындағы отынды пайдалану кезінде улы заттардың шығарындыларын азайту адам денсаулығына зиянды әсерді, соның ішінде тітіркену мен тыныс алу органдарының ауруларын, қабыну процестерін, жүйке және жүрек-тамыр жүйесіне кері әсерлерді азайтуға септігін тигізеді. 

Бұдан бөлек, K5 класты бензинді пайдалану автокөліктердің жұмысына оң әсер етеді.

К5 стандартты бензин сапасына қол жеткізу кәсіпорынды үш кезеңді жаңғырту барысында жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосудың нәтижесінде мүмкін болды. АМӨЗ-де АИ-92-К5 автобензинін өндірудің орташа тәуліктік көрсеткіші 5,5 мың тоннаны құрайды.