Атырау мектептерінің бірінде оқушылар үшінші апта қашықтан оқып жатыр

Атыраудағы №31 мектеп-гимназия оқушылары осымен үшінші апта мектепке бармай отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Мектеп оқушылары білім ұясындағы жөндеу жұмыстарының толық аяқталмауына байланысты 11 қыркүйектен бастап бір апта онлайн оқуға жіберілген еді. Алайда балалар үшінші апта қашықтан оқуға мәжбүр. 

Мектеп директоры Ербол Қашаубайдың айтуынша, қазір білім беру ғимаратының дәлізі жарықтандырылып, асханадағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осыдан екі апта бұрын лауазымды тұлға оқушылардың 5 күн ғана қашықтан оқитынын мәлім еткен еді. Алайда балалар қалалық білім бөлімінің шешімімен әлі күнге дейін онлайн форматта оқып жатыр. 

«Асханада кәріз, су, тоқ, вентиляция жүйесі толық ауыстырылды. Қазір онда әрлеу, ақтау, жарық шамдарын қондыру жұмыстары істелінуде. Осы аптада ғимараттың ішкі жұмыстары аяқталады. Ал сырты келесі аптда бітеді деп отырмыз», - деді Ербол Қашаубай. 

Айта кетейік, Атыраудағы №31 мектеп-гимназиясында жөндеу жұмыстары биыл маусым айының соңында басталған. Білім ұясы 2004 жылы пайдалануға берілген. Сол сәттен бастап бірде-бір рет жөндеу жүргізілмепті. Қазір онда екі ауысымда  1300 бала оқиды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото: pixabay.com