Атырау облысындағы мектептерде 1 648 ер азамат мектептерде сабақ береді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мұнайлы өлкеде барлығы 203 жалпы білім беретін мектеп бар. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, 12 422 педагог жұмыс істесе, соның 1 648-і ер мұғалімдер. Ер азаматтардың үлес салмағы небәрі 0,13 % ғана құрайды.
Мектептерде әйелдер санының көп, ал ер азаматтардың үлес салмағының аз болуы бұрыннан келе жатқан үрдіс. Бірақ соңғы жылдары ер мұғалімдердің қатары аздап болса да артып келе жатыр. Оған педагогтардың жалақысы мен мұғалім мәртебесінің артуы - басты себеп.
Атырау облысындағы 203 мектептің 67-сінде ғана ер адам басшылық қызмет атқарады. Ал 235 әйел мұғалім денешынықтыру пәнінен дәріс береді. Бұрындары алғашқы әскери дайындық пен денешынықтырудан тек ер азаматтар ғана сабақ береді деп келсек, бүгінде бұл пікірімізді өзгертуге мәжбүрміз. Қыз-келіншектер бұл пәнді де игеріп, ерлерді ығыстыра бастады.
Атырау қаласындағы №36 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қалыбек Абитов 33 жылдан бері бала оқытып келеді. Ол алғашқы еңбек жолын Геолог ауылындағы Қ.Сәтпаев мектебінен бастады. Оқушы кезде-ақ «болашақта педагог боламын» деп шешті. Қазір Қ.Абитов жұмыс істейтін білім ұясында 100-ден астам мұғалімнің 10-ы ғана ер азамат.
«Биыл мектебімізге денешынықтырудан дәріс беретін жігіт орналасты. Десек те, жас мамандардың арасында қыздардың саны басым түсіп отыр. Мұғалім мамандығын көп ретте қыздар таңдайды ғой. Біздегі бітіруші сыныптарда ұлдарға қарағанда қыздар жағы педагог боламыз деп отыр. Жалпы, мектептерде ер азаматтардың көп болғаны дұрыс. Отбасында әке тәрбиесі қаншалықты қажет болса, мектепте де ер мұғалімнің тәрбиесі соншалықты қажет деп санаймын. Мен 1990 жылы Гурьев пединститутын бітірдім. Сол кезде тобымызда студенттердің жартысынан астамы жігіттер болды. Қазір солардың барлығы да білім саласында еңбек етіп жүр», - дейді Қалыбек Абитов.
Ер азаматтардың тәрбиесі ұлдар үшін ғана емес, қыздар үшін де керек. Өйткені қыздар мектептегі ер азаматтарды үлгі тұтады. Ал ұлдар жағы сол ер мұғалімдерге қарап бой түзейді. Ашығын айтқан жөн, соңғы кезде қыз мінезді, болбыр ұлдар көбейді. Бұл да болса мектептерде ер азаматтардың аздығынан шығар деген ойға қаласың. Пайымдап қарасақ, нәресте дүниеге келе салысымен, анасын көреді. Өсе келе балабақшаға барады. Онда да кілең әйел. Мұнан соң мектеп табалдырығын аттайды. Тағы сол көрініс. Тек бірең-сараң ерлер болмаса...
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА