Атырау мектептері мен колледждеріне оқушылардың құқығын қорғау үшін арнайы QR-код қойылды

Мұндай QR-код қаланың 67 мектебі мен 13 колледжіне қойылған. Бұл туралы AtyrauPress тілшісі Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Яғни, мектептер мен колледждерде смартфон камерасын QR-кодқа бағыттау арқылы прокуратура сайтына онлайн-хабарлама жіберу үшін жағдай жасалған. Оның көмегімен оқушылар мен ата-аналар кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері немесе басқа да проблемалар туралы ашық хабарлай алады.

Бұл іс-шара Атырау облысының прокуратурасы мен полиция департаментінің  және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

«Облыста прокуратура, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. Бұл жоба балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған, оның негізгі мақсаты қауіп төнген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтауға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.   

Мобильді топтар өткен айда тұрмыстық қиын жағдайда қалған 50-ден астам отбасына барды, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұраудың 2 фактісі анықталды, ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттама жасалды, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болу 23 жағдай бойынша ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

Азаматтардан балаларға қатысты құқық бұзушылық жасау фактілері туралы +7-778-555-77-24 нөміріне хабарлауға болады. Хабарласқан адамдардың аты-жөні құпия түрде сақталады.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: freepik.com