Атырау мектебінде болған әлімжеттікке байланысты полиция тексеруді бастады (Видео)

Таяқ жеген баланың ата-анасы полицияға арыз жазып, № 42 мектепте болған оқыс оқиға бойынша тәртіп сақшылары тексеру жүргізуді бастады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының жанжалы түсірілген видео тарады. Онда сырт киімін киіп жатқан оқушыға 7 сыныпта оқитын ұлдың жұдырық жұмсап, теуіп бет-аузын қан қылғанын көруге болады.

Таяқ жеген баланың анасының айтуынша, мектептегі оқушылар оның ұлынан ақша сұрап, күнде әлімжеттік көрсетеді екен.

Толығырақ айтар болсақ, 12 ақпан күні сағат 18:00 шамасында №42 мектепте 2011 жылы туған екі жасөспірім өзара келіспей қалған. 12 жастағы оқушы әкесінің арыз-шағымы бойынша 2011 жылғы жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамасы жасақталып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

Ал бүгін 13 ақпанда жалпы білім беретін №42 орта мектептің оқушыларымен полиция қызметкерлері кездесті. Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуалиев және Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев мектепте болған жағдайға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

 «Құқық бұзушылыққа жол берудің салдарынан өз болашақтарына кесірлері тиюі мүмкін екендіктері түсіндіріліп, оқушыларға жат әдет-қылықтардан аулақ болудың тиімділігі айтылды. Сондай-ақ, құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік немесе қылмыстық жазаның жауапкершілігі туралы да  түсіндірілді», - деп мәлім етті Атырау қаласы полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Эльмира Мықтыбаева

Фото: pixabay.com