Бүгін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасындағы Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту Орталығында «Business Forum: Beyond oil and gas» форумы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Іс-шара аясында «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова мен Қазақстандағы «Techno Women» қауымдастығының төрағасы Әзиза Шөжеева ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Techno Women» қауымдастығы IT, digital, telecom, media, Fintech, Edutech, Healthtech, Biotech, Ecotech, Nanotech, Robotics, ғарыш және басқа да жоғары технологиялық салаларда жұмыс істейтін әйелдерді біріктіреді.
- Технологиялық индустрияларда жұмыс істейтін қыздар мен әйелдердің санын көбейту, Орталық Азиядағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруға ықпал ету мақсатын ұстанатын «Techno Women» ұйымымен бірлескен жұмысымыз жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта білім беру, тәжірибе алмасу, ғылыми жобалар әзірлеу бойынша бастамаларды қолға аламыз, - дейді АтМГУ ректоры Гүлзада Шакуликова.
Сонымен қатар, аталған университет базасында Қазақстандағы «Techno Women» қауымдастығының Атыраудағы бөлімшесі ашылды.