Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директорына қатысты іс қайта қарала бастады

Атырау мұнай өңдеу зауытының экс-бас директорына қатысты іс қайта қарала бастады. Қылмыстық іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасында қаралып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Бүгін Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі аталған істің қайта қарала бастағанын мәлім етті.

Биылғы мамырда Атырау қаласының №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының («АМӨЗ» ЖШС) бұрынғы бас директоры Д. және сатып алу департаментінің директоры С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, айыпталушыларды ақтау үкімі шығарылған еді.

Сол кезде мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының төрт эпизодымен айып тағылған.

Алайда, сот айыпталушылардың әрекеттерінде тағылған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оларды барлық эпизодтар бойынша кінәсіз деп таныды. Сондай-ақ, сотталушылардың қылмыстық іс жүргізуші орган әрекеттерінен келтірілген заңсыз қылмыстық қудалау үшін зиянды өндіру құқығын таныды.

«Сотталушыларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де «Мұнайды терең өңдеу кешенін» салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұза отырып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған. Осылайша, тергеу пікірі бойынша мемлекетке 2,9 млрд теңгеден астам сомаға залал келтірілген. Сот кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемінің ұлғайғанын анықтады. Мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған. Бұны мемлекеттік сараптамалардың қорытындылары расталды. Осыған байланысты тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қол жеткізілмеген және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа, «ҚазМұнайГаз» АҚ және «АМӨЗ» ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді», - деп хабарлаған еді соттың баспасөз қызметі.

 Ал, жақында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы экс-бас директор Шухрат Данбайға қатысты ақтау туралы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген еді.