«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ комиссиясы жұмысының нәтижесі бойынша Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғ.Жусанбаев және бас директордың орынбасары – бас инженер А.Шошанбасовты қызметтерінен босату туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі "ҚазМұнайГаз" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бас директордың міндетін атқару әрі қарай шешім қабылданғанға дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директорының орынбасары – техникалық директор Олег Александрович Лызловқа жүктелетін болады.Зауыт мұнай өнімдерін өндіруді және жөнелтуді штаттық режимде жалғастырып жатыр", - делінген баспасөз хабарламасында.
Естеріңізге салайық, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директорының орынбасары -бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ ҚР Энергетика министрі мен "Қазмұнайгаз" АҚ-на Ашық хат жолдаған болатын. Онда "АМӨЗ" ЖШС Бас директоры Ғалымжан Жусанбаевқа ауыр айып тағылды.
Келесі күні "ҚазМұнайГаз" АҚ жұмыс тобы АМӨЗ-ге тексеруді бастады.
16 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері "АМӨЗ" ЖШС Бас директоры Ғалымжан Жусанбаевты қызметтен босату және оны жауапкершілікке тарту туралы петицияға қол қойды.
Өз кезегінде Ғалымжан Жусанбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бейнеөтініш жариялап, аудит жүргізуге жәрдем көрсетуді сұрады.
Эльмира Мықтыбаева