Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы ұсталды

Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаменті өңірдің прокуратураның үйлестіруімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі» делінген хабарламада.

Ал, «PetroCouncil.kz» телеграм-каналында Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы Мұрат Досмұратовтың ұсталғаны туралы айтылады. Қазір одан жауап алынып, кейін тергеу изоляторына жіберу жоспарланып отыр. Әзірге бұған қатысты толық ақпарат жоқ.  

Айта кетейік, Мұрат Досмұратов АМӨЗ-ге 2022 жылдың шілдесі мен биылғы қаңтар аралығында басшылық жасаған болатын.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ