Атырау мұнай өңдеу зауыты айыппұл арқалады

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-іне қатысты бес рет жоспардан тыс тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тексеру кезінде алау қондырғысында газдарды жағу кезінде  артық шығарындылар бекітілген нормативтен асқан, өнеркәсіптік шығарындылардың сынамаларын алуға арнайы орындар болмаған, эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі жүйесі енгізілмеген және қалдықтарды басқару талаптары бұзылған.

"Тексерулер нәтижесімен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен хаттамалар жасақталып, қарау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Сот қаулысымен «АМӨЗ» ЖШС-не эмиссияның тиісті көзін немесе өндірістік учаскені пайдалану туралы экологиялық рұқсатты тоқтатпай, жалпы көлемі 16 056 421 теңге айыппұл салынды. Бұдан басқа, департаментпен ӘҚБтК-нің 344 және 325-баптарымен 862 500 теңге айыппұл белгіленді" дейді облыстық экология департаментінің өкілі Эльнара Оралова.

Сонымен қатар, «АМӨЗ» ЖШС жоғарыда аталған Кодекстің жаңа нормаларына сәйкес 328-баптың 3-тармағымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін бір жыл ішінде жүйелі түрде (екі реттен көп) асырғаны үшін жауапкершілікке тартылып, материалдар әкімшілік айыппұл салу және экологиялық рұқсат қолданысын бір айға тоқтата тұру үшін сотқа жолданды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: автор