Атырау қаласының әкімдігі субұрқақтарға шомылудың қауіпті екенін ескертті

Күн ысығалы бері жас балалар қаладағы субұрқақтарда шомылуды жиілетті. Осыған орай Атырау қаласының әкімдігі ол суға түсудің адам өміріне қауіпті екенін ескертті, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Субұрқақтардағы судың таза еместігін, оны дәрілейтінін және тоқ ұруы мүмкін деген сынды  ескертулер жыл сайын айтылады. Алайда оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Субұрқақ бассейнінің астында электр жүйелері жүргізілгендіктен, тоқ ұру қаупі де бар. 

"Субұрқақтар іске қосылғалы бері оның жанына балалар көп жиналуда. Әдетте, олардың көпшілігі қауіпсіздік ережелерін ескермей, жұмыс істеп тұрған субұрқақта шомылады. Жауапты мамандар үнемі балаларға да, олардың ата-аналарына да суға түсуге болмайтынын және оның қауіпті екенін түсіндіріп жатыр.  Онда жарақат алу қаупі жоғары, өйткені олар қатты материалдардан, көптеген сатылардан, өткелдерден жасалған. Бұл жарақат алу қаупін айтарлықтай арттырады. Осы ретте, электр жүйелері қосылған түрлі құрылғылары бар сұбурқақтарға балаларға түсуге болмайтынын қауіпті екенін қатаң түрде ескертеміз", - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, бүгінгі күні субұрқақтарды бүлдіру фактілері де орын алуына байланысты қала тұрғындары мен қонақтарын, соның ішінде, балаларды қоғамдық және қала мүлкіне ұқыпты қарауға шақырды.

Сондай-ақ, Атырау қаласы әкімдігі 2023 жылдың жазғы кезеңдегі суға шомылу маусымында «Жайық» өзенінің жағасынан жағажайларды ашу мақсатында қауіпсіздік жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Айта кетейік, Атырау қаласында 40-қа жуық субұрқақ бар. Оларды жөндеу, суын ауыстыру секілді басқа да жұмыстармен «Samgau-2030» ЖШС айналысады. 



 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА