Атырау қаласының әкімі №5 сорғы-сүзу станциясының жұмыс барысымен танысты

11 шілде күні Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін Береке ауылында орналасқан Жайықтың сол жақ жағалауындағы №5 сорғы-сүзу станциясына барып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Қала әкімі Жайық өзенінің тартылуына байланысты жобалық сметалық құжаттамасына енген өзгерістермен танысып, жауапты мердігер мекемемен тиісті қалалық құрылыс бөліміне жұмысты жеделдетуді тапсырды.  

- Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі - Жайық өзенінің тартылуына байланысты аталған нысанда қосымша қалқымалы сорғы станциясын және сыртқы электрмен жабдықтау жобасы қарастырылып, жобалау сметалық құжаттамаларына өзгерістер енгізіліп, жүріп жатырған құрылыс жұмыстарымен толығымен танысып шықтым. Жергілікті атқарушы органның басты мақсаттарының бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамту. Сондықтан, қала тұрғындарында сумен мәселе болмау үшін дер кезінде нысанды қолданысқа беру қажет. Ал бұл су тазарту қондырғысының өнімділігі тәулігіне 50 мың кубты құрайды деп жоспарлануда, деді Ш.Кейкін.

Бүгінде Атырау қаласында төрт сорғы-сүзу станциясы жұмыс істейді. Тағы бір станцияның жобасы жасақталып, біреуінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.