Атырау қысқа дайын ба?

Атырауда «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Салтанат сарайы ғимаратының тұрағында облыстағы төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету мекемелерінің қысқа дайындығы тексерілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, авариялық құтқару мекемелеріне жеке-жеке барып, құрал-саймандармен, арнайы техникалармен танысты.

Күрделі метрологиялық жағдай туралы Атырау қаласы мен барлық ауданда сағат 11:00-де сирена ойнап, төтенше жағдайлар департаментінде оқу-жаттығудың жедел штабы құрылды. Қазір «Дабыл-1001», «Қарғын-2002», «Үзіліс-3003» сигналы бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оқу-жаттығудың практикалық бөлімі 22 қарашада «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аумағында және республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолы бойында өтеді.

Жалпы, оқу-жаттығуға барлығы 252 жеке құрам және 131 бірлік техника қатысып жатыр. Облыста қысқы мезгілге 281 техника мен 14 968 тонна инертті материал дайын. Екі күндік оқу-жаттығуға қатысушылар тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында қысқы мезгілде төтенше жағдайды жою үшін арнайы-тактикалық жаттығулар өткізіледі. Жедел-құтқару қызметін жоспарлау мен ұйымдастыру, тез әрекет ету жұмыстары пысықталады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ