Атырау көшелеріне жаңа электр желілері жүргізілуде

Теміржол маңындағы көшелердің әуе желісі жаңартылып,  жерасты кабелі тартылып жатыр, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Жоба бойынша ұзындығы 84 шақырымды қамтитын әуе және жерасты желісі жүргізіліп, электр энергиясын тарататын 18 пункт пен трансформаторлық қосалқы станция салынады. Сонымен қатар, 1100 электр бағанасы орнатылмақ.  

- Аталған жұмыстар  «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АҚ-ның «Атырау электрмен жабдықтау дистанциясы» (ЭЧ-4) мекемесімен бірлескен «Атырау қаласын электр желісімен жабдықтау құрылысы» жобасы аясында іске асып жатыр, - деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Асан Нұрғалиев.

Бұл жоба М.Баймұханов,  Ғ.Берғалиев, Е.Бигалиев, Достық, Қиғаш, С.Датов, М.Өтемісов және Мангышлак-2 көшесі, Теңдік станциясы және Тұлпар Қара депо, СМП-163, Контейнерный ықшам ауданын қамтиды. 

Қазір Тұлпар мен Контейнерный ықшам ауданында жоспарланған жұмыстың 95% -ы аяқталған. Ал Теңдік станциясы, Қара депо, С.Датов көшесіндегі жұмыстар жалғасуда. 

- Оның ішінде Баймұханов көшесі мен СМП-163 ықшам ауданында полиэтилен кабельін  жүргізу үшін лотоктар орнатылуда. Мердігер мекеме «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС жұмыстар аяқталған соң, құрылыс алаңын қайта қалыпқа келтіреді, - деді А.Нұрғалиев.